top of page

«Абай атындағы орта мектебі» ММ-сі алғаш рет 1969 жылы құрылған 280 орындық бейімделген мектеп.
Ауыл мектебінің көбісі қазақ мектептері болғандықтан, ата-бабалардан мұра болған ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, оны  жаңаша дамыту, жетілдіру және әлеуметтік  педагогика жетістіктерімен ұштастыру негізінде жас ұрпақтың бойына сіңіру қажеттігі туындайды.  Атап айтқанда, ұлттық сана-сезім, қазақы мінез-құлық, рух, дін, ана тілін құрметтеуді оқушылар бойына сіңіру, мәдениеттің  дәстүрлі құндылықтарын жүрегіне ұялату өзекті мәселеге айналды. Ауыл мектебінің мәртебесін көтере отырып, біз өркениетті елдің азаматтарын  қалыптастырамыз, тәуелсіздігімізді нығайтамыз.
Бүгінгі ауыл мектебі тек білім беру ордасы ғана емес, ол сонымен бірге ұлттық руханиятымыздың тамырын тереңге жаятын тәлімдік орта. Ауыл мектебінің өзіндік ерекшеліктерін сөз еткенде, мектебімізге ұлтымыздың  мақтанышы Ұлы Абай есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Қазіргі таңда мектептің оқу-тәрбие үдерісі Ұлы Абайдың педагогикалық – психологиялық көзқарастарына негізделген. Мектепте өтілетін «Абай ұлағаты» күндері,  «Абай партасы» сындары оқушылардың өзіндік белсенділігін арттырып, өмірге саналы көзқарастарын қалыптастырып келеді.
Мектеп оқушылары жыл сайын аудан, облыс көлемінде өтілетін «Абай оқуларының» жүлдегерлері  атанып келеді.
Мектептің күн тәртібі салауатты өмір салтына негізделген. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары спорттық жарыстарға жүйелі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 
Ауыл мектебінің дамуында оның мазмұндық – құрылымдық негізін қазіргі өмір талаптарына сай жетілдіру керектігі сөзсіз. Осы орайда мектептің құрылғанына    40 жылдан астам уақыт өткендіктен, есік, терезесі, едені ескіріп, мектептің ішкі, сыртқы түрінің тозығы жеткен болатын. 2012 жылы мектептің бірнеше жылғы сұранысы ескеріліп, ЖШС «Әлихан Оил З» компаниясының бастамасымен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі  мектеп ғимаратының жаңа келбеті мұғалімдер ұжымы, ата-ана қауымы, оқушыларды қуаныш пен шаттыққа бөледі. Шағын ауылға сән берген білім ғимараты шәкірттерді «білім әлеміне» шақырғандай ерекше бой түзеп тұр. 
    Мектепте 81 оқушы бар. Оның 24-і үздік, 32-і екпінді оқушы. Сапа 69%. Аз қамтылған отбасынан шыққан 12 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі 2 оқушы бар. 
     2015-2016 оқу жылында мектептің өзекті мәселесіне орай оқушылардың өзіндік ізденіс,сындарлы ойлау мен шығармашылық қабілетін дамытуға  бағыттылған игі іс-шаралар атқарылды. Мектептегі оқушылардың шығармашылық тобы Ақтөбе қаласында өтілген "Ақбөбек" республикалық байқауына , Алматы қаласында өтілген  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жыр мүшайрасына қатысып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды. 
  Бастауыш сыныпты 12 оқушы бітірді.  4-сыныптың үздік оқушысы Марат Ақерке аудан көлеміндегі "Ең үздік" оқушы атағына ие болды.Сонымен қатар аталған оқушы жыл бойындағы жетістіктері үшін Н.Күнбаев атындағы стипендия иегері болды. 
 9-сыныпты 10 оқушы бітіріп, 3 оқушы үздік оқығаны үшін "Үздік куәлік" иегері атанды. 11-сыныпты 7 оқушы бітірді. 
   Мектеп оқушылары түгелдей дерлік жазғы лагерьмен қамтылды.
"Балауса" тынығу лагері ата-аналар демеушілігімен ұйымдастырылды.
"Балдаурен" лагері аз қамтылған отбасы балаларын мемлекет тарапынан тегін тамақпен қамтамасыз етті.
 5, 6, 7 - сынып балалары үшін "Өркен" көгалдандыру лагері өткізілді.
 8, 9 -сыныптағы жасөспірім балалар "Жігер" еңбекпен тынығу лагеріне қатысты.
Бастауыш сынып балалары үшін "Зерде" танымдық лагері жоспарланды.

bottom of page